Біз әлеуметтік желіде:
Сайт нұсқасы:

Қауіпті терезе: Айзере, Сәбит және BI Group

Новости
view 110
news

11 мамыр күні сағат 10.21-де  Нұр-Сұлтан қаласы «Ұлы Дала» көшесі 27/1 «Камал-2» тұрғын үй кешенінде, дәлірек үйдің 8 қабатындағы балкон терезесінің ернеуіне ілініп қалған 3 жасар Айзере есімді қыз бала 20 минутқа жуық тұрған. Абырой болғанда көршісі 1985 жылғы Қызылорда облысының азаматы Сәбит Шонтақбаев баланы құтқарып қалды. Астанада болған бұл оқиға тек елімізді ғана емес, алыс-жуықтағы шетелдерге дейін тарады. Айналасы 20 минуттың ішінде екі адамның тағдыры көз алдымызда қыл үстінде тұрды. 3 жасар Айзерені құтқармақ болған Сәбит те басын қатерге тігіп 7-қабаттағы терезеге шықты, ешқандай қауіпсіздік белдігі де жоқ еді. Әрине, іс сәтіне айналып екі адам да аман қалды. Сонымен бала неге терезеге шығып кетті? 3 жасар баладан жауап алынбайтыны түсінікті. Бұл жерде бірінші сұрақ кәмелет жасқа толмаған баланы қараусыз қалдырған ата-анаға қойылады. Оның да өз себебі бар екен. Оқиға орнына барып, мән-жайды зерттеп көрген әріптесіміз Айжан Қалиеваның айтуынша, Айзеренің анасы жолдасымен ажырасқан. Жалғыз тұратын анасы жұмыс істеп, қызын асырауы қажет. Ол сол күні әдеттегідей жұмысына кеткен. Айзеренің қасына өзінің 31 жастағы туған інісін қалдырған. Інісі бір себептермен сыртқа шығып кеткенде Айзере нағашы ағасын қараймын деп терезеге ілініп қалды ма, кім білсін. Қалай болғанда көп қабатты үйдің ауа алмастыратын терезесін орнатқанда баланың қауіпсіздігі үшін алдын ала шара қолданбаған үй иесі жауапты. Ал біз бұл оқиғаны басқа қырынан саралап көрдік.  Өйткені бұл көп қабатты үй, сондықтан ең бірінші талап – адам өмірінің қауіпсіздігі. Осы ретте біз құрылыс компаниясы мен құрылыс саласының мамандарынан мұның мән-жайын сұрастырдық. Нұр-Сұлтан қаласы «Ұлы Дала» көшесі 27/1 «Камал-2» тұрғын үй кешені Ашық деректерге қарғанда, «Ұлы Дала» көшесі 27/1-дегі «Камал-2» тұрғын үй кешенінің құрылыс нысанын тұрғызған құрылыс компаниясы – BI Group холдингі екен.  Тұрғын үй кешені 2015 жылы басталып, 2017 жылғы мамыр айында пайдалануға беріліпті. Осыған орай, бүкіл елді дүрліктірген оқиғадан кейін құрылыс компаниясына: «Құрылыс нысанының терезесі, яғни ауа алмастыратын терезе неге жоғарыдан төменге қарай ашылады? Мұндай терезелерді әдетте офистік немесе іскерлікке арналған құрылыстарда көрініс беретін еді ғой. Бұл терезелер тұрғын үйлерге арналған ба? Жалпы «Камал» тұрғын үй кешенінде қауіпсіздік шаралары жасалған ба? Егер терезелер тұрғын үйге арналған қауіпсіздік талаптарына сай келмесе, терезелерді құрылыс компаниясы қайта ауыстырып беруі мүмкін бе?» деген арнайы сауал жолдадық. Ал бұған құрылыс компаниясы терезенің ашылу техникалық шешімі қолданыстағы құрылыс ережелері мен нормативтік талаптарға қайшы келмейді дейді. «Жоба егжей-тегжейлі жобаланып, 2015 жылы мемлекеттік сараптамадан өтті. Сәулетші жобалау кезінде ғимараттың бүкіл биіктігіне аймақтық витражды әйнекті қолданды. Ал бұл өз кезегінде екі жақты әйнектің пайда болуына себеп болды. Терезе ойығының іші ПВХ профилімен толықтырылса, ал сыртқы жағы алюминийден жасалған. Ішкі профильді ашу ішке қарай, ал сыртқы әйнек сыртқа қарай ашылады. Құрылымдық жағынан бұл шешім терезенің күнделікті ыңғайлы ашылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бекіткіштерді ашудың техникалық шешімі қолданыстағы құрылыс ережелері мен нормативтік талаптарға қайшы келмейді. Камал-2 тұрғын үй кешенінің пәтерлеріндегі терезе алды тақтайының биіктігі 900 мм-ді құрайды, бұл бұрын терезе алды тақтайының «стандартты қауіпсіз» биіктігі болып саналған. BI Group 2018 жылдан бері тұрғын үй кешендерінің терезелеріне балалардың құлап кетуіне жол бермеу үшін қорғаныс механизмдерін орнатады. Бүгінгі таңда біз бекіткіштердің ашылатын енін шектеу үшін «фурмажды қайшы» сынды фурнитуралық шектегіштер қолданамыз», – дейді BI Group құрылыс компаниясы. Құрылыс компаниясының берген ресми жауабының нақтылығына көз жеткізу үшін құрылыс саласының маманы Серік Рүстембековке хабарластық. Серік РҮСТЕМБЕКОВ, архитектор: «Оқиғаны мен де ақпарат беттерінен көрдім. Сіз айтып отырған терезеге де мқхият қарадым. Кейінгі кездері ауа алмастыратын терезелер тек бір бағытқа ғана емес, тіпті төрт бағытқа да ашылады. Көп қабатты үйлердің терезелерін төменнен жоғарыға қарай ашылу керек деген стандартты ереже жоқ. Сондықтан құрылыс компаниясын айыптау қиын. Қазіргі жағдайда бізде ондай бекітілген талап жоқ. Мен 50 жылдай құрылыс саласында істеп келе жатқан архитектор маман ретінде айтсам, жалпы құрылыс саласына қатысты 3 мыңдай ереже бар. Мүмкін осы жағдайдан кейін көп қабатты үйлердің терезелерін балалардың қауіпсіздігі үшін төменнен жоғары қарай ашылатын қылып жасау немесе арнайы құрылғылармен бекіту туралы заңды тұрғыда стандартты ереже бекітілетін шығар». Алайда, құрылысты жобалаушы мамандар мұндай норма бар дейді. Оның айтуынша, көп қабатты үйлерде балардың қауіпсіздігі үшін арнайы құлыптанатын құрылғы (защита детей) құрылыс талаптарына еңізілген екен. Мәселен, көршілес Ресей елінде 2019 жылы құрылыс заңдарына өзгеріс еңгізген екен. Онда «Балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу үшін Ресей Федерациясының Құрылыс министрлігі көп қабатты үйлерді салу ережелерін өзгертеді: енді ғимаратты жоспарлау кезінде барлық терезелер құлыптармен жабдықталады. Сонымен қатар, бөлім балкондардың, лоджиялардың, террассалардың, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қауіп төндіретін басқа да үй-жайлардың қоршауларының биіктігін бақылауға алады» делінген. Яғни бұл талап халықаралық тәжірибеде бар. Ашық деректерге сүйенсек, елімізде 2020 жылы көп қабатты үйлердің терезесінен 26 бала құлап кеткен. Олардың жартысы (12 оқиға) – мамыр айындағы 20 күн ішінде орын алған. Үлкендердің қараусыз қалдыруы салдарынан терезеден абайсызда құлап кететін балалардың көбі 2 мен 8 жас аралығындағы балалар. Осыған орай, 2021 жылғы 28 сәуірде Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев балалардың көпқабатты үй терезесінен құлау жағдайлары жөнінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға сауал жолдап, мәселесін көтерген. Депутат ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметін келтіріп, соңғы бес жылда Қазақстанда 140-тан астам бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап мерт болғанын айтқан.  «2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында 2016 жылы туған бала үлкендердің қарауынсыз қалып, бесінші қабаттағы пәтер терезесінен құлап, сол жерде қайтыс болды. Екінші жағдай Таразда, 7-шағынауданда болған. Қараусыз қалған 2018 жылы туған бала бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатының терезесінен құлап, ауыр жарақат алған», – деді С.Ертаев Мәжілістің жалпы отырысында. Оның айтуынша, көптеген елдердің заңнамасында балалар орналастырылатын ғимараттың терезелеріне шектегіштер қою міндеті бекітілген. Оларға аурухана, мектеп және балабақшалар жатады. Басқа елдерде терезелер өндірісінде міндетті түрде шектегіштерді орнату қарастырылған. «Бізде, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының бұйрығымен тұрғын үй терезелерінен балалардың құлап кетпеуі үшін қауіпсіздік құлыптарын орнату бойынша міндетті талаптар енгізілген. Бірақ, бұл ереже 2018 жылдан бастап пайдалануға берілген жаңа ғимараттарға ғана қатысты. Бұл ретте, бұрын салынған ғимараттарға осы стандарттың талаптары еш сәйкес келмейді. Тіпті қазір беріліп жатқан жаңа үйлерде де бұл талаптар орындалмауда. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауыңызды сұраймын», – деді Сырым Ертаев. Аталған депутаттың сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр жауап берді.  Ол тұрғын үйлерде балалардың қауіпсіздігіне қатысты: «Құрылыс талаптарын сақтау бойынша бақылауды күшейтуге қатысты тоқталсақ, 2018 жылғы ақпанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі балалар, мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде, сондай-ақ тұрғын үйлерде балалардың терезеден құлауының қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған «Терезе блоктары. Жалпы техникалық шарттар» МЕМСТ 23166-99 мемлекетаралық стандарты қолданысқа енгізілді. Бұл МЕМСТ-тің негізгі талаптарының бірі – терезе блоктарын қауіпсіздік құлыптарымен міндетті түрде жабдықтау. Сондай-ақ, 2019 жылы ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Министрлік балалардың ғимараттардың терезелерінен құлап кету жағдайларын болдырмау мақсатында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобалау әрі құрылыс кезінде терезе блоктарын міндетті түрде қауіпсіздік құлыптарымен жабдықтау бөлігінде мемлекеттік нормативтердің талаптарын күшейтті», – деген еді. Сондай-ақ, Үкімет басшысының орынбасары сапасыз құрылыс, құрылыс нормалары мен жобалау құжаттамасының талаптарын бұзу,  қадағалаудың болмауы және сәулет, қала құрылысы әрі құрылыс қызметі саласындағы басқа да заң бұзу болған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 20-тарауында (312-323-1-баптар) және ҚР Қылмыстық кодексінің 277-280-баптарын (регламенттелген) сәйкес, заңды жаза қолданылатынын ескерткен болатын. Р.S. 3 жасар қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевпен де сөйлесіп көрдік. Әсіресе, терезеден қалай шыққаны жайлы сұрағанымызда: «Мен телевизорда не фотода үлкен көрінгеніммен денем шағын. Сондықтан да ашық терезеден қысылсам да шығуға тура келді. Видеоға қарсаңыз, жоғарыдан төмен қарай ашылатын терезенің үстіне шықтым, егер қасымда Сағи болмаса терезе жабылып қалар еді. Сөйтіп ол терезені ұстап тұрды. Ол кезде терезеде ешқандай балаларды қорғайтын қорғаныс құралы болған жоқ. Және терезе тек бір бағытқа ғана ашылатынын байқадым. Оқиғадан кейін ғана терезелерге қауіпсіздік қорғанысын орнатыпты. Басқа түспесе істемейтін халықпыз ғой», – дейді ол. Әр оқыс оқиға – сабақ және одан кейін тағы да қайталанбауға себеп болуы керек. Біз бұл ретте біреуді айыптаудан аулақпыз. Құрылыс компаниясы, ата-ана және мемлекет адам қауіпсіздігін, балалардың алаңсыз өмір сүруіне қатысты санасын өзгертсе деген ниеттен туған шағын зерттеу ғана.

Бақытбек ҚАДЫР

Комментарии (0)

Оставить комментарий

Ваше имя *
Комментарий *