Енді Конституция халыққа ерікпен қатар жауапкершілік жүктейді
Политика
124
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеу жасап, Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу туралы хабарлады. Сонымен бірге, 2022 жылғы 5 мамыр күні 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойған болатын. «Конституция баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Конституцияның жаңарған нұсқасында президенттің барлық саяси күштері мен партиялардың дербестігін бекіту көзделген. Мәселен, президенттің жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда, ешқандай партияда болмайтын лауазым иелері нақтыланады.
Бұл жолғы референдумда Конституцияға еңгізілетін өзгерістердің негізгілері: Қазақстанды басқарудың суперпрезиденттік формасынан қуатты парламентке ие президенттік формаға көшіру; президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салу; жер мен жер астындағы байлықты халыққа тиесілі ету; қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алуы; Қазақстанда өлім жазасын болдырмау; Мәжілістің депутаттық корпусын аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптастыру; Сенаттағы президент квотасын қысқартып, мәжілістегі ҚХА квотасын жою және мажоритарлық жүйе сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік беру.
Осыған орай, референдум төңірегіндегі кейбір мәселерге байланысты қоғамда айтылып жүрген маңызды сауалдарға қатысты ҚР Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, Ақмола облысы Қосшы қалалық мәслихат депутаты Айдын Төребаев және саясаттанушы Руслан Ахмағанбетовті әңгімеге тартқан едік.
«Jańa Bastau»: Конститутцияға реформа жасау үшін Президент жалпыхалықтық референдум өткізуді ұйғарды. Бұл шараға 16,4 млрд теңге бөлініп отыр. Алайда елімізде Конститутциялық кеңес және халық сайлаған Парламент бар. Мұнша қаражат шығындамай-ақ, тиісті орындар неге өзгерістер енгізе бермейді деген сауал ел ішінде айтылып жүр. Бұған не дейсіздер?
Ерлан САИРОВ: Бұрынғы Конституцияға өзгерістердің барлығы парламент арқылы жүзеге асырылып келді. Оның барлығы жеке билікті арттыруға бағытталған болатын. Бұл жолғы өзгерістердің мән-мағынасы xалықтың билікке деген рөлін арттырып, билікті xалыққа қайтарып беру болып отыр. Сонымен бірге ең негізгісі – бұл референдум ескі мен жаңаның арасындағы жолайрық болмақ. Бұл жай ғана референдум емес, жаңа өзгеріске деген үлкен сенім. Сондықтан, менің ойымша, осындай референдум болып жатыр.
Айдын ТӨРЕБАЕВ: Осы референдум арқылы еліміздің ата заңының 27 жылдан бері жұмыс істеп келген, халыққа тиімсіздеу 33 бабы өзгертілмек. Бұл өте ауқымды мәселе. Конститутцияның үштен бірі өзгергеннен кейін, мемлекеттік құрылым өзгеріп, жаңа жүйеге қадам баспақпыз. Осыған халық болып белсенді дауыс беруіміз қажет. Бұл халықтың өз тағдыры, оған енжар қарауымызға болмайды. Бұған дейін Парламент арқылы 27 жыл ішінде 5 рет өзгеріс жасалды. Халықтың ой-пікірі есепке алынбады. Бұл жолы халыққа таңдау еркі беріліп отыр, сондықтан ел болашағы, еркін әрі жақсы өмір сүруі айқындалатын ақуымды істе қаржы мәселесі екінші орында. Бұл қаражат та ел игіліне жұмсалып отыр деп есептеймін. Бұрын «алдымен экономика, одан кейін саясат» дегеннен не ұттық? Меніңше, бірінші қоғамдық қатынастар іреттелмей, басқа құндылықтар біржақты болмайды деген пікірдемін.
Руслан АХМАҒАНБЕТОВ: «Қаржы шығындамай-ақ, Парламент арқылы неге заң қабылдай салмады?» деген сауалдың тууы заңды. Бірақ бұл жерде екі сыни пайым пайда болады. Өйткені парламентті можаритарлы жүйе арқылы сайлау мәселесі қаралып отыр. Қазіргі Парламенттегі депутаттарға бұл тиімсіздеу де болар ма еді? Бірақ бұл заңды депутаттар қабылдауы да мүмкін. Алайда халық тарапынан «өздеріне қойлайсыз заң қабылдамай қоймай ма?» деген сенімсіздік тууы да ықтимал. Бірақ бұл ең басты мәселе емес, екінші, үшінші мәселе. Коституцияның өзі қоғамдық келісім-шарт деген мәнді білдіретін құжат. Сол үшін бұған 19 млн адамның барлығы келісім беруі қажет. Оның мазымұны да осында. Ал қоғамның келісімін, дауысын алу үшін, қоғамның өкілдері ғана емес, көпшіліктің атсалысуы маңызды. Себебі саясаттануда легитимді және легальды деген ұғым бар. Легальды деген заңдылық. Конституциядағы өзгерістер заңдық норма негізінде жазылса, бұл заңды болып есептеледі. Бірақ бұл жалпы халықтың тарапынан мойындалмауы мүмкін. Ал ол референдум арқылы жүзеге асса, легитимділігін де қоса алады. Бір сөзбен айтқанда, халықтан қолдау табу. Екінші, бұған халықтың да жауапкершілігі жүктелдеді. Егер қандай да бір мәселе туындаса, халықтың өзіне айтылады «осыны халық өзі таңдаған» деп. Бұл жерде халықтың өзіне жауапкершілік беру маңызды болып отыр. Ал енді қаржы шығындалып жатыр дегенге келсек, егер ертең осы Конституция халықтың игілігіне жарап жатса, ол – осы 16 млрд теңгені жүздеген есе қылып қайтаруы мүмкін. Қоғамдық қатынастарды реттеуге тиімді болса, кеткен шыған пайдаға асады деген пікірдемін.
«Jańa Bastau»: Расында, халық таңдауын жасап, тағдырын өзі шешкені жөн. Халықтың көбі өзгерісті қалайды. Алайда бұл референдумда халық нені таңдайды? Таңдау: «Иә» және «жоқ». Бұл референдум плебисцит әлде консультативті референдум ба? Сипаттап өтсеңіздер?
Руслан АХМАҒАНБЕТОВ: Иә, қоғамда ондай пікір де айтылып жатыр. Бізде «электронды үкімет» деген бар. Сол жерде Қазақстандағы заңдарға қатысты нәрселер талқыланады. Кейбір заңдық нормалар халықтың талқысына ұсынылады. Бірақ бір байқағаным, сол тәжірибе енгізігелі біраз уақыт болды, іс жүзінде оған біздің халық белсенділік танытпай келеді. «Мына заңның осындай қолайсыздығы бар, оны былай түзетуге болар еді» деген пікір жазыла бермейді. Референдумның осылай өтуіне оның да әсері барын ескеруіміз керек.
Ал енді «иә» және «жоққа» келсек. «Неге бұл конституциялық норманы тек осылай таңдайды?» деген сұрақ туындап отыр. Бұл жерде мынадай бір нәрсе бар: бұған халық қатысқан жағдайда осы саланың мамандары «біз неге қатыспаймыз?» деген сұрақ туындатады. Сөйтіп сұрақ сұрақты туындата береді. «Қолдаймын» немесе «қолдамаймын» деген. Жалпы референдумның сипаты нақты әрі айқын болуы заңды. Өйткені онда хат танитын, хат танымайтын адам деп қарап жатпайды. Кім 18 жастан асты соның бәріне түсінікті болуы шарт. Басқа толықтырулар мен өзгертулерді жасау мамандардың жұмысы. Ал сарапшыларға арналған референдум жоқ. Халыққа арналған референдум түсінікті болуы – бұл классикалық нұсқа, бүкіл әлемде осылай өтеді.
Айдын ТӨРЕБАЕВ: Қоғам болғандықтан әртүрлі ой, әртүрлі пікір болуы түсінікті жайт. Жалпы біздің xалық қаңтар айынан бастап, билік тармағында және билік жүйесінде өзгерістер болуды қалап отыр. Мұны Мемлекет басшысы Қазақстан xалқына жолдаған үндеулерінде де айтып келеді. Өздеріңіз көріп отырған көрші елдердегі жағдайларға қарап, елімде біраз тың өзгерістер болуы қажет екенін көрсетіп берді. Елімізде болған оған дейінгі жағдайларға да қарап, Конституцияға өзгертулер еңгізудің өте маңызды екенін түсіндік. Сондықтан бұл кешіктіретін мәселе емес. Маңызды шешім қабылдауымыз қажет болды.
Біз бұл заңдарды өзгерту кезінде бұған дейін әртүрлі тәжірибелерді бәрін сынып көрдік. Енді халық өз тағдырын өзі шешетін күнге жетті. Бұл – оң өзгеріс, табысты нәтиже. Мұны демократияға бастаған тиімді қадамдардың бірі деп білемін.
Ерлан САИРОВ: Бұл жердегі ең негізгі нәрсе саяси корпустың өзгеруі болып отыр. Яғни Конституцияға жасалатын өзгерістер биліктің халыққа есеп беру дәрежесін арттырады. Бұл саяси жүйені өзгертудің алғашқы тетіктерінің бірі деп түсінген жөн. Осы тұрғыдан алғанда «сіз саяси курсты жақтайсыз ба, жоқ па?» деген сауал. Сондықтан сұрақ нақты болуы дұрыс. Егер Конституциядағы 33 бапқа жасалатын 56 өзгеріске жеке дара қарайтын болсақ, онда схоластика болып кетеді. Сол себепті де бүгінгі таңдағы ең негізгі сұрақ – «жаңа демократиялық курсты қолдайсыз ба?» болып отыр. Егер осыған халық жауап беретін болса, онда еліміздің демократияға жасалған жаңа қадам және плюрализмнің оң көрінісі деп қарауға болады.
«Jańa Bastau»: Референдумнан кейін қандай өзгерістер болуы мүмкін? «Конституция бұрынғы қалпында қала берсін» деген дауыс көп жинаса, ары қарай не болмақ? Жалпы бұл референдумнан қандай нәтиже күтесіздер?
Айдын ТӨРЕБАЕВ: Егер xалық референдумға белсенді қатысып, Конституцияға оң өзгерістер енгізілсе, онда елімізде біршама үлкен өзгерістер болатыны сөзсіз. Атап айтқанда, ең бірінші бұрынғыдай президенттің көптеген құзіреті азаяды. Бұдан кейін парламенттік республика болуға және парламентаризмді дамытуға біраз мүмкіндіктер туады. Яғни xалықтың арасынан сайланған депутаттар халық пен мемлекет арасында тығыз байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге атсалыспақ. Сонымен қатар, Конституциялық сот жүйесі қайта қалпына келтіріліп, конституциялық құқығы бұзылған азаматтар талабын бірден жоғарыға жеткізе алады. Халықтың үні жоғарыға тез жетіп, мемлекет олармен санасып отырмақ. Жалпы заңға өзгеріс енгізуді талап ету, xалықтың оянғанын көрсетеді. Қоғам мұндай демократиялық өзгерістерге дайын дегенді білдірсе керек. Әрине, қоғамда оның ішінде қазақтардың біршама өзгерткісі келетін баптары бар. «Қазақ тілі бірінші орында болса» деген. Мен де олардың ол талабын қолдаймын.
Ал Констиуциядағы жасалатын өзгерістер – xалқымыздың дамуы, өркениетті әрі демократиялық қоғам орнатуға оң қадам болмақ.
Руслан АХМАҒАНБЕТОВ: Егер жұрт «қарсымын» деп дауыс берсе, Констиуция өзгермейді. Бұрынғы нормалардың бәрі қалады. Бірақ 11 млн халық түгел дауыс бермесе де, басым бөлігі өзгерісті қолдайды деп ойлаймын. Себебі бұрынғы билік жүйесінің тармақтарында көптеген ерекшелік бар. Конституциялық кеңестің орнына 1993 жылы Конституцияда болған Конституциялық сот қайтадан құрылмақ. Бұл не деген сөз? Оның аты айтып тұрғандай кеңес – консультативті деген ғана мағына береді. Ал Конституциялық сот – жеке сот, билік тармағы. Парламент қабылдаған заңдарды конституциялық нормаға сай болмаса, оны Конституциялық соттың қайтарып тастауға құқығы бар. Мәселен, сіздер секілді журналситердің сөз бостандығы, конституциялық құқы бұзылған жағдайда, Конституциялық сотқа тікелей шағым түсіруге құқылы болмақ. Оның осындай тиімді тұстары бар. Алдағы уақытта децентрализация (орталықсыздандыру) қолға алынады, яғни бұрын аудан әкімін тағайындау үшін Президент Әкімшілігінің келісімі керек еді. Енді ондай болмайды. 2024 жылы аудан әкімдері сайланады, одан кейін жаңа Коституцияға сәйкес, облыс әкімдері сайланады. Сол кезде Президент бұрынғыдай тағайындамайды, тек бірнеше кандидат ұсынады. Оны жанама сайлау арқылы Мәслихат сайлайды. Бірақ бұл жерде «неде болса президент ұсынып тұрған адам ғой» деген әңгіме тууы мүмкін. Бірақ сонда да бұл жерде жергіліті жерді өзін өзі басқаруға мүмкіндік туады. Ал жергілікті жердегі өзін өзі басқаратын тұлғаны халық сайлайды. Демек, халықтың өзіне жауапкершілік артылады. Біз демократияны бір нәрсені талап ету деп түсінеміз. Бірақ демократия тек талап етуден тұрмайды, онда қолдау және жауапкершілік те бар. Себебі халық өзі сайлаған әкімі үшін өзі жауапкершілік алады. Бұрын дұрыс жұмыс істемеген әкім үшін, халық жоғарыға шағымданатын. Енді жоғары жақ халыққа айтуы мүмкін: «келесі жолы дұрыс адам сайлап алыңыздар» деп. Демократияның мәні – жауапкершілікті халықтың өзіне беру. Ал орталықтандыру жүйесі, барлық жауапкершілікпен қоса билікті де өзіне алып алды. Ал орталықсыздандыру ерікті де береді, жауапкершілікті де жүктейді. Яғни әркім өз деңгейіндегі жұмыспен айналысатын болады.
Ерлан САИРОВ: Мен қазір шығыс пен солтүстік өңірлердің 50 процентін аралап шықтым. Халықтың басым көбі өзгерісті қолдап отырғанын байқауға болады. Ең негізігісі енді Конституцияда жеке тұлғаның фамилиясы болмайды. Халықтың рөлі артпақ. Одан өзге қандай өзгеріс керек бізге?
Материалды әзірлеген
Бақытбек ҚАДЫР,
фото: ашық дереккөзінен
Комментарии (0)